Бауыржан Момышұлы

Бауыржан Момышұлы (24 желтоқсан 1910 – 10 маусым 1982) — Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег және тактик.
Батыс майданындағы 16 армияның 316 (1941 жылдың қарашасынан бастап 8-гвардиялық Қызылту атқыштар дивизиясы 1073 атқыштар полкінің (1941 жылдың қарашасынан 19 Гвардия полкі) және батальон командирі. Ұлы Отан соғысына генерал-майор И.В. Панфилов басқарған әйгілі дивизиясының құрамында 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап қатысты. Батальон командирі ретінде аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Москва үшін шайқаста 207 рет ұрысқа қатысты. 1941 жылдың 16-18 қараша күндері вермахтың Мәскеу бағытында екінші мәрте жасаған жорығы кезінде аға лейтенант Момышұлы басқарған батальон дивизиядан қашықта, Матронино деревнясының жанында Волоколам тасжолында асқан ерлікпен ұрыс жүргізді. Білікті комбаттың басшылығы арқасында 3 күн бойы фашистер шабуылын тойтарып, батальон үлкен шығынсыз, ұрысқа қабілетті жағдайда қоршаудан шығады.
1928-1930 жылдары бастауыш мектепте ұстаздық етеді. Біраз уақыт аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы ретінде қызмет атқарады. Аудандық милицияда 6 айдай жұмыс істейді. 1932 – 1934 жылдар аралығында Қызыл Армия қатарына қызмет етеді. 1933 жылы полк мектебін бітіреді. Атқару комитетіндегі қызметімен көзге түскен Бауыржан Тимофей Дубовиктің қолдауымен Шымкент өнеркәсіп банкінің экономисі болады. Осы қызметте жүрген уақытта 1936 жылы Республикалық банктің меңгерушісі Б.М.Барханның жолдамасымен Ленинградтағы Финанс академиясының жанындағы бір жылдық курсты бітіреді. Біліктілігін бағалаған басшылық оны КСРО өнеркәсіп банкінің республикалық басқармасына аға консультант ретінде тағайындайды. 1936 жылы жаңадан құрылып жатқан бөлімге взвод командирлігіне шақырылады. Бұл кезде рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі болады. 1939 жылы әкесі Момыш қайтыс болады. 1946-1948 жылдары Ворошилов атындағы әскери академияның тыңдаушысы болады. 1948-1950 жылдары 49-атқыштар бригадысы командирінің орынбасары қызметін атқарады. 1952 жылы Кеңес Армиясы Бас Штабының жанындағы Жоғары әскери академияны тәмамдайды. 1953 жылы академик Ван-Чон-Худың басқаруымен келген Қытай делегациясымен кездеседі. Соғыстан кейін 1950-1955 жылдары Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан cоң, елге оралады. Елде біраз уақыт жұмыс табылмайды. Өмірбек Жолдасбеков Қазақ Ұлттық Университетінің әскери кафедрасына жұмысқа алмақ болады. Алайда оған да қарсылық болған көрінеді. Батыр енді толықтай шығармашылықпен айналысады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өміріндегі көрген білгендерін шығармаларына арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығының негізіндегі тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Олар бірнеше қайтара басылып шығарылды. Бауыржан соғыс уақытында Серігім, Жазушыға, Қалыбек аға, Біреулерге, Омарбекке, Жардың мұңы, Ғ-ға, Ана тілін ардақта, Досыма, Толғау атты өлеңдер жазған. 1952-1956 жылы Офицердің күнделігі, Бір түннің тарихы, Біздің семья деген алғашқы кітаптары жарық көрді.

Әлия Нұрмұхамедқызы Молдағұлова

Әлия Молдағұлова 1925 жылдың 25 қазанында Ақтөбе облысының Қобда ауданы Бұлақ ауылында дүниеге келген. Ол 7 жасында анасынан айырылып, нағашы ағасы Әубәкірдің шаңырағында тәрбиеленеді. 1935 жылы ағасы Әскери-көлік академиясына оқуға түсіп, кішкентай Әлияны отбасымен бірге алып кетеді. Ағасымен бірге кішкентай Әлия еліміздің бірнеше қалаларында болып, 14 жасынан Ленинградтың Охта ауданындағы балалар үйінде тәрбиеленеді.

1941 жылдың қыркүйегінде Ленинград қоршауда қалады. Әлия өзімен қатарлас оқушылармен бірге Невадағы қала төңірегіндегі қорғаныс бекіністерін салуға қатысады. Ол аянбай жұмыс істеп қана қоймай, басқаларды қолдап, жігерлендіреді. Қайсар мінезі үшін 1941 жылдың қарашасында Әлия Молдағұлова сол кезеңдегі жетекші жастар ұйымы – комсомол қатарына қабылданады.

1942 жылғы наурыз айында балалар үйі Ярославь облысына көшіріліп, Әлия мектепті сонда бітіреді. Ол сол жылы Рыбинск авиациялық техникумына қабылданып, онда 3 ай оқиды. Әлия оқып жүргенде майданға бірнеше рет сұранады, бірақ өтініші қабылданбайды. 25 қазанда Әлия 17 жасқа толып, тура бір айдан кейін «майданға аттануына байланысты» деген негіздемемен техникумнан шығарылады. Осы сәттен бастап Әлия Молдағұлованың қысқа болса да жарқын, қаһармандық жолы басталады.

Әлия Мәскеу түбіндегі Вешняки ауылында орналасқан мергендерді даярлайтын орталық мектептің алғашқы жасақталған тобына алынады. 1943 жылдың шілдесінде 22-ші армияның 54-ші арнайы атқыштар бригадасында мерген болып, әскери қызметін бастайды. Әскери мұрағатта оның майдандастарының естелігі сақталған. Я.К. Прокопенкова «біздің бригадаға мерген Әлия Молдағұлова келді. Қазақстаннан келген талдырмаш денелі және өте сүйкімді қыз. Ол бар-жоғы 18 жаста еді, бірақ қазан айына дейін оның есебінде 32 өлі фашист болды», – деп еске алады. Н.А.Матвеева «Лия екеумізді төртінші батальонның бір взводына орналастырды. Біз, мергендер, тапсырмаға жұппен баратынбыз, бізде алдын-ала дайындалған позициялар болатын. Сонда немістерді қарауылға түсіргенше отыратынбыз. Жаудың оғы мен миналары төніп жататын. Лия осындай сәттерде ержүректілік танытатын. Ол фашистерді қырып қана қоймай, ұрыс алаңынан жараланғандарды сүйреп әкеліп алғашқы медициналық көмек көрсетіп жататын», – деп еске алады.

1944 жылдың қаңтар айының басында Ленинград-Новгородтық операция кезінде 54-ші атқыштар бригадасы майданды бойлай Новосокольники қаласына (Псковск облысы) қарай маршпен алға шығады. Онда олар жаудың қорғанысын бұзып, қаладан солтүстікке қарай алға жылжиды. Мерген Әлия Молдағұлова қызмет еткен 4-ші батальонның саяси жетекшісі Г.В. Варшавскийдің естелігі бойынша, бригаданың бөліктері Насва бекетіндегі темір жолға шыққанда жау оғының астында қалады. Түнде шабуылға арналған негізгі шекараларға орналасып, кеңес жауынгерлері 1944 жылғы 14 қаңтардың таңында шабуыл жасайды. Әрекеттерін мергендер көлегейлеп жүрген батальонға Насва бекетінің ауданындағы Новосокольники-Дно темір жолын кесіп өтіп, Казачиха ауылына басып кіру тапсырылған. Қорғаныстың алдыңғы шебі сәтті бұзылғанымен, кеңестік шабуылшылар неміс әскерінің жауапты атысына төтеп бере алмай қалады. Осындай күрделі сәтте Әлия Молдағұлова «Жауынгерлер, алға!» деген ұранмен, алға ұмтылады. Кеңес әскерилері оның артынан шабуылға шығады. Қарсылас жау бұрынғыдай белсенді жауап қайтарып жатады. Күні бойына жалғасқан ұрыста Әлия үш рет жаудың шабуылына тойтарыс береді. Минаның жарықшақтарымен қолы жараланғанымен, ол немістердің орында қоян-қолтық ұрысады. Қазақтың батыр қызы осы жерде өмірін қиған екінші жарақатын алса да, фашист офицерін жер жастандырып үлгереді.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 4 маусымдағы қаулысымен көз жұмған Әлия Нұрмұхамедқызы Молдағұловаға Кеңес одағының Батыры атағы берілді.

«Отан үшін, алға!» майдандық газеті Кеңес одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлігіне мақала арнайды. Онда ержүрек комсомол мүшесінің бірнеше рет жауынгерлерді шабуылға шығарып, ордағы шайқасқа қатысқанын, кеңес жастарының ізгі де асыл қасиеттерін бойына сіңіргенін баяндалады. Оның жарқын ғұмыры – майдандағы жауынгерлерге үлгі. Жазба «Қазақтың жауынгер қызы Әлия Молдағұлованың есімі – жеңісіміздің сәулесін мәңгілікке нұрландырады» деген сөздермен аяқталады.

Кемел Тоқаев

Кемел Тоқаев – 1923 жылы 2 қазанда Алматы облысының Қаратал ауданындағы Қалпе ауылында дүниеге келген. Ел қорғау жолында шыбын жанын шүберекке түйген ержүрек майдангер жазушы, драматург, қазақ детективінің дарабозы. Ұлы Отан соғысының ардагері.
Соғыс тақырыбына өлшеусіз үлес қосқан қазақстандық авторлардың арасында Кемел Тоқаев шығармаларының орны ерекше. Жазушы Ұлы Отан соғысының ардагері, І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерінің иегері, Сталинград, Украина, Беларусь және Польшада өткен шайқастарға қатысқан. Көптеген әскери оқиғаның тікелей қатысушысы ретінде кейіпкерлердің болмысын, сезімдерін дәл әрі шебер суреттей алды.
Ол небәрі жиырмаға толар-толмас шағында соғысқа аттанды. Алдымен Фрунзе жаяу әскер училищесінде шамалы уақыт шыңдалады. Оны бітірген соң Сталинград майданына жіберілген. Қан майданда қайсарлығымен, қайраттылығымен көзге түсіп, 226-атқыштар дивизиясының бөлімше командирі болады. Оқ пен оттың ортасында жүріп, 3 айдан кейін жарақат алып, әскери госпитальға түседі. Күрескер Кемел қояр да қоймай сұранып майдан шебіне қайта оралады. Бұл жолы Украина және Белорусь майданының құрамына кірген 7-гвардиялық танк полкінде елді жаудан азат етеді. Жаужүрек жауынгер поляк жерінде тағы қатты жараланып, Омбы Гомель қалаларындағы госпитальде ем қабылдайды.
Соғыстың соңына дейін Отан алдындағы борышын адал өткерген Кемел Тоқаев, елге оралған соң Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Әдебиетіміздің алып классиктерінен білім алады. 1948 жылы оқуын ойдағыдай тәмамдаған соң, бұқаралық ақпарат құралдарында абыройлы қызмет етеді. Қаламгер «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жауапты қызметтер атқарды. 1960–1977 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Ведомостінде» бас редакторы болып істеген, 1980–1984 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болған.
Оннан астам кітабы қазақ және орыс тіл¬дерінде басылды. Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі жариялаған әдеби бәйгелерде бірінші бәйге алып, төрт мәрте лауреат атанды (1956, 1972, 1977, 1980). «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?» және «Сиқырлы сырлар» деп аталатын пьесалардың да авторы. Тұңғыш әңгімелер жи¬нағы 1954 жылы Қазақ мемлекеттік көркем әде¬биет баспасынан «Жұлдызды жорық» де¬ген атаумен жарық көрді. Жазушының «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма» тағы басқа шығармалары бар. Мұның бәрі оқырманнан өз бағасын алған. Тоқаевтың кез келген шығармалары кезінде оқырмандарға 450 мың дана таралыммен тарады. Жазушы қазақ қаламгерлері ара¬сынан бірінші болып, детектив жанрында қалам сілтеді. «Соңғы соққы», «Солдат алыс¬қа кетті» романдары әдебиетіміздің алтын қорына енгені сөзсіз.
Әскери шені: сержант
Әскери бөлімі: 226-атқыштар дивизиясы, 7-гвардиялық танк полкі.

Қасым Аманжолов

Қасым Аманжолов қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыл деген жерде 1911 жылы дүниеге келеді. Қожас Қаракесек Арғын руынан. Майданнан өлеңмен жазған “Ағайыма” деген хатындағы: “Қыс. Қыстау. Атамекен Қызылдағы” дегендегі Қызыл – сол туған жері. Әкесі де сонда қайтыс болады. Жас болса да Қасым соның бәрін есінде жақсы сақтап қалған. Әке-шешеден жастай жетім қалған, ол біраз жыл ағасының қолында өседі. Алғашында жаңадан ашылған ауыл мектебінде оқып, сауатын ашады. Кейін, 1924 жылы, ағасы Қасымды Семей қаласындағы интернатқа орналастырады. Қасым онда 1927 жылға дейін тәрбиеленеді. Одан әрі қарай үш жыл Семей мал дәрігерлік техникумында оқиды. Алғашқы өлеңдерін де осы кезде жазады. 1930 жылы Алматыға келіп, біраз уақыт “Лениншіл жас” газетінде істейді. 1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түсіп оқиды. Бірақ, денсаулығына байланысты және түскен оқуын да онша ұната қоймағандықтан, бірер жылдан кейін елге оралып, Орал қаласында “Екпінді құрылыс” газетіне қызметке орналасады. Жас ақынның көптеген өлеңдері осы газетте жарық көреді. Әншілік, әртістік өнерге бейім, домбыра, мандолина бастаған бірсыпыра музыкалық аспаптарда еркін ойнайтын ақ көңіл, жайсаң жанды “ерке Қасымның” Оралда болған, әсіресе 1935-1936 жылдары Оралдағы қазақ театрындағы қызмет еткен кезі өміріндегі ең бір қызықты, қымбат шағы болып қалады. Оның бойындағы туа бітті зор таланты да осында белгі беріп, ақындық жолына біржолата бет бұрады. 1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы “Өмір сыры” деген атпен жарық көреді. Жинаққа енген өлеңдерден болашақтағы кемелденген ақын поэзиясының отты, лепті, сыршыл мінезі танылатын жекелеген жол, шумақтар табылғанымен, тұтастай алғанда, жинақ ақынның әлі де үйрену, еліктеу үстінде екенін көрсететін еді. Әсіресе көзге ауыз әдебиетінің 7-8 буынды терме, толғау үлгілеріне бой ұруы жиі шалынатын. Өлеңіне арқау етіп алған өмір құбылыстарын сырттай таңырқап, тамашалауға, көрген-білгенін тәптіштеп, тізбелеп суреттеуге әуестік байқалатын. Бірақ ақын бұл қалпында көп кідірмей, осыдан кейінгі не бары екі-үш жылда-ақ:

Ішім пысты, жалықтым,
Жүре алман енді аяңдап.
Кенде қаппын, жаңа ұқтым,
Не болса соған аяңдап –

немесе:

Нар тәуекел! Құлаш ұрдым қиынға,
Қайрат шіркін алып шықса, қиын ба!..
Жығылам деп жүре алмаймын жай басып,
Жүгіремін киіп-жарып, айқасып.
Мүлги берсін, ілби берсін қорқақтар,
Іш пыстырып, жалт-жұлт қарап, жай басып
Жығылсам да, жүгірумен өтемін,
Аяңшылдың ақылын мен не етемін.
Жығылармын, алқынармын, шаршармын,
Барар жерге бұрынырақ жетермін, –

дегеніндей-ақ, қатты талпынып, талантына мәдениеті қосылып, ақындықтың шырқау биігіне самғап көтерілді. Махамбет, Абай поэзиясының көркемдік табиғатына терең бойлау, дүниежүзілік поэзияның үздік, асыл үлгілерінен үлкен алымдылық, шалымдылықпен үйрену оның буырқанған күшті талантын тез қанаттаңдырды. Қасым 30-жылдардың өзінде-ақ А.Пушкиннен, М.Лермонтовтан, Т.Шевченкодан, Дж.Байроннан, В.Маяковскийден шебер аудармалар жасады. Бұл оның үлкен поэзияның сырына терең бойлап, ақындық өнерінің қыр-сырын тануына көмектесті. 1939-1940 жылдар ақынның өсу жолындағы елеулі кезең болды. “Нар тәуекел”, “Бурабай толқындары”, “Дауыл”, “Көкшетау”, “Орамал”, “Сұлтанмахмұт туралы баллада”, “Өз елім”, “Ғашық едім қайтейін” сияқты тамаша туындылары осы жылдары дүниеге келді. Бұл кезеңдегі ақын өлеңдерінде түр, дыбыстық үндестік, ырғақ жағынан да жаңалықтар көрініс берді. Сондай-ақ, Қасым лирикалық өлеңдермен қатар сүйекті туындылар жазуды да қолға алады, “Құпия қыз”, “Бикеш” (алғашында “Азғынбаев” деп аталған) секілді алғашқы поэмаларын жазады.

Ақын 1941 жылы армия қатарына шақырылады. Сол қарсаңда “Мазасыз музыка”, “Қоштасу”, “Бейсекештің бес ұлы” секілді әсерлі, сыршыл сезімге толы, лепті өлеңдерін жазады. 1941-1943 жылдары Қиыр Шығыста болған Қасым 1943 жылы батыстағы майданға ауыстырылады, содан соғыс аяқталғанға дейін “қанды қырғын, қып-қызыл өрттің ішінде” болады. Намыскер, өр, қайсар Қасым жауынгерлік міндетін жан аямай атқарады, абыройлы болады. Қиыр Шығыс пен батыстағы майдан аралығындағы ұзақ сапар, атамекен – Қазақстанын қақ жарып өтетін жол әсершіл, ұшқыр қиялды ақын жанын қатты тебірентеді. Соның нәтижесінде “Орал”, “Сарыарқа”, “Байкал”, “Өтіп бара жатырмын” тәрізді тек Қасымның ғана емес, сол кездегі бүкіл қазақ поэзиясының жетістігі болып саналатын өлеңдері дүниеге келеді. Ақын рухының бұл қуатты серпілісі майдан жырларына ұласып, мазмұн, тақырып, түр, көркемдік бейнелеу кұралдары, ой мен сезім тереңдігі жағынан жаңа сапа тауып, биік белеске көтеріледі. “Елге хат” (бес бөлімнен тұратын ұзақ толғау), “Ұлы күтіс”, “Үстімде сұр шинелім”, “Подполковник Әлпинге”, “Қапанға”, “Сәбитке”, “Ғалиға жауап”, “Қызғалдақ”, “Сен фашиссің, мен қазақпын”, “Дариға, сол қыз” сияқты хрестоматиялық өлеңдері мен әйгілі “Ақын өлімі туралы аңыз” поэмасы – соның айғағы.

«Құя алман үгітілген балшық өлең, Көңілімде көл жасаман тамшыменен, Серінің сертке соққан семсеріндей, Өлеңнің өткірін бір алшы менен», — деп ақын бұл кезеңде қазақ өлең өнеріне мазмұн жағынан да, түр жағынан да мол жаңалық әкелген. Көркемдеу құралдарының образды сөз өрнектерінің жан тебірентер жаңа үлгілерін тауып қолданды. Бұл тұста ақынның «Байқал», «Оралым», «Подполковник Альпин», «Дариға сол қыз» өлеңдері, «Мартбек», «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмалары жазылды. А-тың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасын Ғ. Мүсірепов қазақ поэзиясындағы жаңа бетбұрыс деп бағалады. Соғыстан кейін А. не бары он жыл өмір сүрді. Көркемдік сапасы жоғары лирик. өлеңдермен қатар «Боран», «Біздің дастан», «Бикеш», «Жамбыл тойында», «Құпия қыз» тәрізді үлкен эпик. поэмалар жазды. А. ақындығымен қатар үлкен сазгер де болған. Оның әнін де өзі шығарған «Дариға сол қыз», «Туған жер», т.б. шығармалары халықтың сүйікті әндеріне айналған. А. қазақ әдебиетінде аударма жанрының дамуына да зор үлес қосты. Ол А.С. Пушкиннің «Полтава», М.Ю. Лермонтовтың «Маскарад», А.Т. Твардовскийдің «Василий Теркин», Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмаларын, Т. Г. Шевченконың, В. В. Маяковскийдің өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Қазақ поэзиясына он буынды өлең түрін енгізіп, оны әбден тұрақтандырды.

Майданнан оралғаннан кейінгі алғашқы жылдары Қасым журнал редакцияларында істейді, ара-тұра поэзия, ақындық өнер тақырыбына сын мақалалар жариялайды, өлеңді де өндіре жазады. Мысалы: 1946 жылы 26 өлең жазыпты, солардың ішінен, әсіресе “Достар”, “Туған жер”, “Құрбыма”, “Сауыншы жеңгейдің жыры”, “Домбыра”, “Май келді”, “Күйім тасып барады, күйім тасып”, т.б. көркемдігі жоғары өлеңдерін ерекше атауға болады. Ақын 1947 жылдан бастап сырқатқа шалдығады. Соның өзінде сол жылы он шақты өлең жазып, “Біздің дастан” поэмасын бастайды. М.Лермонтовтың “Маскарад” драмасын, А.Твардовскийдің әйгілі “Василий Теркин” атты ұзақ та күрделі поэмасын өте шебер аударады. 1948 жылы да Қасым көп жазады, “Дауыл” атты жинағы жарық көреді. Ол туралы үлкен ақын әрі поэзия білгірі Әбділда Тәжібаев “Социалистік Қазақстан” газетінде “Дауылды жырлар” деген мақала жазып, аса жоғары бағалайды. Осы жылдары Пушкин мен Лермонтовтың бірсыпыра өлеңдеріне қоса, Пушкиннің “Полтава” поэмасын аударады. “Балбөбек”, “Нұрлы дүние” жинақтарын шығарады. 1952 жылы “Таңдамалы шығармалары” жарық көреді. 1954 жылы бүгінде жұрттың көбі жатқа білетін әйгілі “Өзім туралы” толғауын аяқтайды.

Қасымның өлеңдері “Гроза” деген атпен 1946 жылы, “Стихи” деген атпен 1949 жылы орыс тілінде жеке кітап болып басылады. Қасым Аманжолов ұзаққа созылған науқастан 1955 жылғы қаңтардың 17-сінде қайтыс болды. Өлеңдері. Соғыстың алдында Қасым “Өз елім”, “Дауыл”, “Нар тәуекел”, “Талғар” тәрізді әдемі лирикалық өлеңдер жазды. Бұл өлеңдердің кейіпкері – өз елін, туған даласының табиғатын шексіз сүйген, “көк дауылдай кеуделі жігіт” болып өскен қайратты замандасы. Өмірге көзін ашпай жатып, “жетімдік тағдыр” желкелеген балдырғанды өз тәрбиесіне алған Отанын ақын ерекше сезіммен жырлайды:

Өмірге ендім еңбектеп,
Шалқалап әкем шықты үйден.
Жетімдік тағдыр жетті ептеп,
Қабағын жаба түксиген.
Өмірден үміт жоқ өзге,
Даланың тердім тезегін.
Әкем боп таптың сол кезде,
Қайран да менің өз елім.

Ақажанов Нұрғабыл

1918 жылы 9 мамырда Павлодар облысы, Куйбышев (қазіргі Ақтоғай) ауданы Жаңабет ауылында туған.
Әскери атағы.Қатардағы.
Жауынгерлік жолы. Куйбышев аудандық әскери комиссариатынан 1941 жылдың маусымында шақырылған. 50-ші,227- ші атқыштар полкінде соғысқан. 1945 жылдың қазанында әскерден қайтарылған.
Мараппаттары. Орден :Отечественной войны ІІ степени , « За отвагу»; медаль : «За оборону Ленинграда» , « За победу над Германией в Великой Отчественной войне 1941-1945 гг.» , мерейтойлық медальдар : « Двадцать лет Победы в Великой Отчественной войне 1941-1945 гг.».

Құрмағазинов Қале

1915 жылы Павлодар облысы, Куйбышев (қазіргі Ақтоғай) ауданы, Спартак совхозында (Қараоба ауылы) дүниеге келген. 1964 жылы 59 жасында қайтыс болды.
Әскери атағы.Сержант.
Жауынгерлік жолы. Куйбышев аудандық әскери комиссариатынан 1941 жылы әскерге шақырылған.Ұлы Отан соғысыа 1 – ші Белорус майданы әскерлерінің құрамында қатысқан. Соғыста ІІІ-Хасанов полкінде атқыш – автоматшы және қол пулеметші болған. Ржев, Харьков шайқасында 1944 жылы маусымда ауыр жарақатына байланысты әскерден босатылып елге оралды.
Еңбек жолы. Қараоба машина – трактор станциясы жанындағы партұйымы хатшысы, «Жаңабет» ұжымшарының төрағасы болып болып істеген.
Марапаты. « За отвагу », «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

Сәрсенов Әбдіқұл

Әбдіқұл Сәрсенбаев әскер қатарына 1942 жылы шақырылған. Соғысты взвод командирі болып бастап, 1943 жылы Беларусь майданында шайқасқан. Ржевск шайқасында ерлік көрсетіп, “За отвагу” медалімен марапатталған.

Құрманғазинов Үсербай

1917 жылы 20 қаңтарда Жаңабет ауылында дүниеге келген. 1978 жылы 21 маусымда қайтыс болды.Куйбышев аудандық әскери комиссариатынан 1940 жылы 7 ақпанда шақырылған.
Әскери білімі. Калинин майданы 43 – ші армиясы жанындағы кіші саяси жетекшілер курсы (1942), 2 – ші Томск артиллериялық училищесі (РКФСР, Омск қ. 1943 ), 2-ші Киев артиллериялық училищесі (1944).
Әскери атағы лейтенат .
Жауынгерлік жолы. Ұлы Отан соғысында 12- ші өздігінен жүретін артиллериялық бригаданың 310 – шы дивизионы құрамында СУ – 76 өздігінен жүретін қондырғы командирі ретінде қатысты.( Батыс, 1-ші , 3-ші Белорус майдандары).1946 жылдың 11 маусымында әскерден қайтарылған.
Еңбек жолы. Куйбышев ауданы Жаңабет толық емес орта мектебінде меңгеруші,мұғалім,
әскери жетекші, Куйбышев ауданы «Новотроицкий » кеңшары жұмысшылар кооперациясының төрағасы, Краснакутск ауданы «Спортак» кеңшарында жұмысшы, астық қоймасы меңгерушісі болып істеген. Марапаттары: «Красного Знамени», « Красной Звезды » ордендерімен және «За победу над Германией в ВОВ 1941-1945 гг.», «За взятие Берлина», «За боевые заслуги» медальдарымен марапатталған.

Сманов Ыбырай

1901 жылы Жаңабет ауылында дүниеге келген. 1980 жылы қайтыс болды.
Әскери атағы.Қатардағы.
Жауынгерлік жолы. Куйбышев аудандық әскери комиссариатынан 1941 жылы шақырылған. Атқыш ретінде шайқасқан. Ленинград қаласы аумағындағы ұрыстарға қатысқан.1942 жылы ауыр жарақатына байланысты әскерден қайтарылған.
Еңбек жолы. «Жаңабет » ұжымшарының қоймашысы,төрағасының орынбасары, «Жаңа Аттаңыз» ұжымшары сүт-тауары фермасының меңгерушісі, «Еңбекші» ұжымының төрағасы болып жұмыс істеген.
Марапаттары. Ордендер: Отечественной войны ІІ степени , « За отвагу».

Ахметов Сауыт

1914 жылдың 17 желтоқсаныда Жаңабет ауылында туған. 1991 жылы мамыр айында қайтыс болды
Әскери атағы.Ефрейтор.
Жауынгерлік жолы. Куйбышев аудандық әскери комиссариатынан 1943 жылы наурызында шақырылған.Орталық, 1- ші Белорус, 2 –ші Белорус майдандарды әскерлері құрамында соғысқан.Жапониямен соғысқа қатысқан.1946 жылдың қарашасында әскерден қайтарылған.
Марапаттары. Орден Отечественной войны ІІ степени; медальдар : «За освобождение Варшавы» , « За победу над Германией в Великой Отчественной войне 1941-1945 гг.» , За победу над Японией» , «Еңбек ардагері» ; мерейтойлық медальдар : « Двадцать лет Победы в Великой Отчественной войне 1941-1945 гг.», « Тридцать лет Победы в Великой Отчественной войне 1941-1945 гг.», « Сорок лет Победы в Великой Отчественной войне 1941-1945 гг.».