Кемел Тоқаев

Кемел Тоқаев – 1923 жылы 2 қазанда Алматы облысының Қаратал ауданындағы Қалпе ауылында дүниеге келген. Ел қорғау жолында шыбын жанын шүберекке түйген ержүрек майдангер жазушы, драматург, қазақ детективінің дарабозы. Ұлы Отан соғысының ардагері.
Соғыс тақырыбына өлшеусіз үлес қосқан қазақстандық авторлардың арасында Кемел Тоқаев шығармаларының орны ерекше. Жазушы Ұлы Отан соғысының ардагері, І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерінің иегері, Сталинград, Украина, Беларусь және Польшада өткен шайқастарға қатысқан. Көптеген әскери оқиғаның тікелей қатысушысы ретінде кейіпкерлердің болмысын, сезімдерін дәл әрі шебер суреттей алды.
Ол небәрі жиырмаға толар-толмас шағында соғысқа аттанды. Алдымен Фрунзе жаяу әскер училищесінде шамалы уақыт шыңдалады. Оны бітірген соң Сталинград майданына жіберілген. Қан майданда қайсарлығымен, қайраттылығымен көзге түсіп, 226-атқыштар дивизиясының бөлімше командирі болады. Оқ пен оттың ортасында жүріп, 3 айдан кейін жарақат алып, әскери госпитальға түседі. Күрескер Кемел қояр да қоймай сұранып майдан шебіне қайта оралады. Бұл жолы Украина және Белорусь майданының құрамына кірген 7-гвардиялық танк полкінде елді жаудан азат етеді. Жаужүрек жауынгер поляк жерінде тағы қатты жараланып, Омбы Гомель қалаларындағы госпитальде ем қабылдайды.
Соғыстың соңына дейін Отан алдындағы борышын адал өткерген Кемел Тоқаев, елге оралған соң Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Әдебиетіміздің алып классиктерінен білім алады. 1948 жылы оқуын ойдағыдай тәмамдаған соң, бұқаралық ақпарат құралдарында абыройлы қызмет етеді. Қаламгер «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жауапты қызметтер атқарды. 1960–1977 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Ведомостінде» бас редакторы болып істеген, 1980–1984 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болған.
Оннан астам кітабы қазақ және орыс тіл¬дерінде басылды. Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі жариялаған әдеби бәйгелерде бірінші бәйге алып, төрт мәрте лауреат атанды (1956, 1972, 1977, 1980). «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?» және «Сиқырлы сырлар» деп аталатын пьесалардың да авторы. Тұңғыш әңгімелер жи¬нағы 1954 жылы Қазақ мемлекеттік көркем әде¬биет баспасынан «Жұлдызды жорық» де¬ген атаумен жарық көрді. Жазушының «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма» тағы басқа шығармалары бар. Мұның бәрі оқырманнан өз бағасын алған. Тоқаевтың кез келген шығармалары кезінде оқырмандарға 450 мың дана таралыммен тарады. Жазушы қазақ қаламгерлері ара¬сынан бірінші болып, детектив жанрында қалам сілтеді. «Соңғы соққы», «Солдат алыс¬қа кетті» романдары әдебиетіміздің алтын қорына енгені сөзсіз.
Әскери шені: сержант
Әскери бөлімі: 226-атқыштар дивизиясы, 7-гвардиялық танк полкі.

Әскердегі тегі 226-атқыштар дивизиясы, 7-гвардиялық танк полкі.

Атағы сержант