Тіржанов Баттал

img_20230505_122130_306.jpg

Менің атам Тіржанов Баттал Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында 1917 жылы 9 мамырда дүниеге келген. 1937 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге Совет армиясы қатарына алынды. Азаматтық борышын өтеп елге оралғалы тұрған сәтте 1939 жылы ФИН соғысы басталады. 1939 жылы қыста Совет одағы Финляндияға басып кірді. Ол азаттық қысқы соғыс деген атаумен тарихқа енді. Совет билігі Сталин 60 жасқа толатын желтоқсанның 21-не дейін соғысты аяқтап, еш қиындықсыз жеңіске жетеміз деп жоспарлаған-ды. Алайда олай болмады. Ақыр соңында қызыл армиядан жеңілгенімен, 3,7 миллион тұрғыны бар Финляндияелі басқыншыларға қатты қарсылық танытты. Кескілескен шайқастар бірнеше айға созылып, СССР орасан зор шығынға ұшырады. Совет әскері көктемде соғыстан титықтаған финдеге қарсы шабуылға шығып, 1940 жылы Выборг қаласының маңайын басып алды. Финдер СССР қойған қатаң шарттарға көніп, бітімге келуге еріксіз мәжбүр болды. Баттал Тіржанов сол Фин соғысына қатысып, ерекше ерлігімен көрініп, 1940 жылы Мәскеу қаласындағы Кремльде Михаил Иванович Калининнің қолынан «Қызыл жұлдыз» орденін алды.
Баттал Тіржанов Фин соғысы аяқталып, елге оралып, бейбіт еңбекке жаңа араласа бастаған сәтінде Ұлы отан соғысы басталған еді. Ол майдан даласына өз еркімен, жүрек қалауымен Отанын қорғау үшін аттанды. Украина, Ленинград майдандарында пулемет взвод командирінің орынбасары болды. 1942 жылы Ленин партиясының қатарына өтті. 1944 жылы Лининград майданында көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін екінші рет Михаил Иванович Калининнің қолынан «Қызыл жұлдыз» орденін алды. Әскери командованияның талай рет алғысына ие болып, бірнеше медальдарды омырауына тақты.
1945 жылы Ұлы Отан соғысының жеңісінен кейін елге аман-есен оралып, колхозда бригадир, ферма меңгерушісі, колхоз председателі секілді көптеген жауапты жұмыстарды атқарды.Көпті көрген, түйген-білгені көп Баттал «Жаңа қоныс» совхозында ферма басқарушысы қызметін ұзақ жылдар бойы абыроймен атқарды. Кейін совхоз директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары болып қызмет істеп, сол саладан 1977 жылы зейнеткерлікке шықты. Отан үшін отқа түсіп, елі үшін аянбай еңбек етіп, отбасына да барынша қамқор болған азамат зайыбы Орынша екеуі 8 бала тәрбиелеп өсірді.

Әскердегі тегі

Атағы Фин соғысы мен Ұлы Отан соғысының ардагері