Бектасов Ахмет

Атама ұқсап өсемін

Адамзат тарихында Жеңістер көп. Бірақ солардың ішінде мән-маңызы жөнінен биік тұратыны – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс. Биыл 2023 жылы осынау Ұлы Жеңіске 78 жыл толып отыр. Бұл дегеніміз біздің бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқанымызға 78 жыл! Сондықтан жыл сайын біз 9 мамыр күні соғыстың куәгерлері-майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрметімізді білдіріп, соғыста қаза тапқандардың рухына бас иеміз.
Осындай сұрапыл соғысты өз көзімен көріп, Жеңіс туын желбіретуге ат салысқандардың бірі менің атам Бектасов Ахмет деп мақтанышпен айта аламын.
Менің атам Бектасов Ахмет – 1921 жылы бұрынғы Ленин (қазіргі Тұрмағамбет) ауылында дүниеге келген. Еңбекке жастайынан араласып, ерте есейді. Ұлы Отан соғысы басталғанда жиырма жасқа толған Ахмет атам 1941 жылдан 1942 жылдың мамырына дейін қысқа мерзімді курстарда оқып, әскери даярлықтан өтіп шығады. 1944 жылы соғыс жүргізіп бара жатқан жолында аяғынан жарақаттанып, госпиталға түседі. Содан кейін военкоматқа жұмысқа орналасып, соғыс аяқталғанша военкоматта жұмыс атқарады. Майор атағын алған. Осы жорықтың белгісіндей өңіріне «Қызыл жұлдыз» орденін, «Жуков» атындағы медальмен, «Жеңістің 30 жылдығы», «Жеңістің 40 жылдығы», «Жеңістің 50 жылдығы» медальдарымен, Ұлы Отан соғысы орденін тағып, көптеген медальдармен марапатталды.
Бейбіт еңбекке оралғаннан кейін Бектасов Ахмет атам ауыл балаларын сауаттандыру мақсатында мұғалімдік жұмысына бел шеше кірісіп кетеді. Осы жылдары көптеген қызметтер атқарып, зейнеткерлік демалысқа шығады. Өмірлік зайыбы, менің әжем Ұлбосын екеуі төрт ұл мен бес қыз тәрбиелеп өсіреді, бәріне де жақсы, өнегелі тәрбие беріп, азамат қатарына қосты. Артында осындай өнегелі ұрпақ қалдырған майдангер атам 2006 жылдың 1 мамырында мәңгілік сапарға аттанып кетті.
Атамды қатты сағынамын. Атам мен үшін қашан да ең жақын, ең сүйікті жан, әрі ер тұлға болып қала береді.

Немересі Жангелдинқызы Гүлсая
№29 мектептің 8 сынып оқушысы

Әскердегі тегі 1921

Атағы Майор