Адамов Балтабек Адамович

Адамов Балтабек Адамұлы (1925-2009)
1925 жылы 25 желтоқсанда Еңбекшілдер ауданы, Мәдениет ауылында дүниеге келген. Орта жүздің Арғын тайпасының Атығай руынан шыққан Төлек батыр мен Байман бидің ұрпағы болған ол өз отбасының тұңғышы,жалғыз ұлы еді. Сондықтан,үйінің бар ауыртпашылығы оған жүктелген.
1941 жылы жерімізге Гитлер бастаған неміс фашисттері басып кіргені бәріне аян. Бұл оқиға Кеңес Үкіметінің әрбір отбасын есенгіреткені анық. Ол оқиға біздің отбасымызды да айналып өтпеді. 1943 жылы жасы 18-ге де толмай Отанымызды қорғау үшін әскер құрамына кіріп, соғыс болып жатқан жерлерді жау қолынан азат ету үшін сол жерлерге аттанады. Украина, Закавказье және Балқан мемлекеттерінің аумағында артиллерист болып соғысты. Артиллериялық қару-жараққа жауап беретін құрамның, артиллерия дивизионының батареясының командирі болған. Украина, Болгария, Венгрия мемлекеттерінің аумағын азат етті. Соғыс аяқталғаннан кейін де фашисттердің ел аумағына қайта басып кіру қауіпі сейілмеді. Сол себепті де, 1950 жылға дейін майдан даласында әскери қызмет атқарып, араға 8 жыл салып Еңбекшілдер ауданы, Кішкентай ауылындағы үйіне оралды. Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде бірталай медальдармен марапатталған. Бүгінде олар біз үшін мақтаныш, баға жетпес қазына.
Елге оралғаннан кейін Степняк қ. «Каззолото» мекемесінде цех басшысы, орман шаруашылығы саласында қызмет атқарды.
Нағима әжеммен шаңырақ көтеріп, 6 бала тәрбиелеп өсірді. Соғыста көрген қиыншылықтарын еш уақытта есінен шығармаған атам, әрдайым балалары мен немерелерін бейбіт заманның қадірін түсіне білуге үйрететін еді.
Ел басына күн туып, толарсақтан саз кешкен ауыр кезеңде Отан үшін от кешкен, Жеңістен кейінгі қиындықтарға қабырғасы қайыспай, туған жерді түлетіп, бейбіт еңбекте де ерен ерлік танытқан атамызды біз әрдайым сағынышпен еске алып, құрметтейміз! «Жақсының аты өлмейді»,-деп дана қазақ халқы айтқандай, атамыздың есімі мен ерлігі мәңгілікке жадымызда қала бермек!

Әскердегі тегі

Атағы